Баспасөз орталығы

28.03.2025

“СПК Қонаев” қызметкерлері Алматы облысының аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

“Қонаев” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары Алматы облысының аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Өткен аптада Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарындағы ауылдық округ әкімдерімен кездесулер өтті. Іс-шара барысында “Ауыл Аманаты” бағдарламасын жүзеге асыру тетіктері түсіндіріліп, ауыл тұрғындарының өзекті мәселелері мен қажеттіліктері талқыланды.

“Ауыл Аманаты”: ауыл тұрғындарына қолдау

“СПК Қонаев” “Ауыл Аманаты” бағдарламасының сенімді агенті болып табылады. Бұл бағдарлама ауыл кәсіпкерлерін 2,5% жылдық жеңілдікпен несиелендіру арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.

2023 жылдың мамыр айынан бастап Алматы облысында бағдарлама аясында 1100-ден астам жоба қаржыландырылды. 2024 жылдың желтоқсанында облысқа 2,5 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат 250 жаңа бизнес-жобаны іске асыруға толықтай жұмсалды.

Негізгі қаржыландыру бағыттары

Бағдарлама ауыл шаруашылығын, өндірісті және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Сондай-ақ зәкірлі кооперацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, бұл ауыл кәсіпкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге ынталандырады.

2024 жылы бөлінген қаражаттың ішінде 23 ауыл шаруашылық кооперативінің жобаларына 635 млн теңге бөлінді. Олардың ішінде:
• лимонад өндірісі,
• гүл өсіру,
• ауыл шаруашылық техникасын сатып алу,
• ауыл шаруашылық жануарларын өсіру жобалары бар.

Жеңілдетілген несие алған жобалар саны бойынша ТОП-5 аудан:
1. Жамбыл ауданы – 38 жоба
2. Балқаш ауданы – 37 жоба
3. Қарасай ауданы – 38 жоба
4. Еңбекшіқазақ ауданы – 33 жоба
5. Талғар ауданы – 33 жоба

Ең көп қаржыландырылған сала – мал шаруашылығы (159 жоба).
Өсімдік шаруашылығы саласында 60,6 млн теңгеге 7 жоба қаржыландырылды. Қаражат:
• таңқурай мен көкөніс өсіруге,
• жылыжай жабдықтарын алуға,
• жаңбырлатып суару жүйелерін орнатуға бағытталды.

Сонымен қатар, “Ауыл Аманаты” бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлігіне арналған 96 жоба қаржыландырылып, 800,5 млн теңге бөлінді. Олардың ішінде:
• металл прокаты өндірісі,
• тігін және ет өңдеу цехтары,
• көлік жөндеу станциялары (СТО),
• шаштараздар мен басқа да қызмет көрсету нысандары бар.

Жеңілдетілген несие шарттары

“Ауыл Аманаты” бағдарламасының кәсіпкерлер үшін тиімді шарттары:
• жылдық мөлшерлеме 2,5%,
• несие мерзімі – 5 жылға дейін (қызмет көрсету және өндіріс салалары үшін),
• мал шаруашылығы жобаларына – 7 жылға дейін,
• негізгі қарызды өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдік кезеңі,
• несие сомасы:
• жеке кәсіпкерлерге – 2500 АЕК-ке дейін (≈9,8 млн теңге),
• кооперативтерге – 8000 АЕК-ке дейін (≈31,4 млн теңге).

“Ауыл Аманаты” бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік беріп, аймақтың экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде.