Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында «Ауыл аманаты» жобасының көмегімен табысты жылыжай бизнесі дамып келеді. Бұл жобаның қатысушысы – 48 жастағы Гүлжахрам Зурдинова, ол ауылдастарымен бірігіп, кооператив құрып, 2,5 пайызбен 25,8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған.
Аталған қаражатқа газбен жылытыладыын екі жылыжай (240 және 300 ш.м) салынып, онда қызғалдақтар, петуниялар, хризантемалар, барқыт гүлдері және үй өсімдіктері өсірілуде. Бүгінде гүлдер Алматыда, ауыл базарында және әлеуметтік желілер арқылы сатылады. Кейбір гүлдерді ауылдастарына тегін таратып, туған жерді көркейтуге үлес қосуда.
– «Ауыл аманаты» туралы естігенде, бірден ісімді кеңейту ойы келді. Қазір өнімімізге сұраныс жоғары. Бұл кәсіп – біздің отбасылық тәжірибемізге негізделген, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде жылыжай шаруашылығына бүкіл отбасы – жұбайы, ұлдары, келіндері, туыстары мен немерелері атсалысады. Мерзімді жұмысшылар да тартылады. Жақын арада үшінші жылыжай салу жоспарлануда.
«Ауыл аманаты» жобасы Алматы облысында 2023 жылдың мамырынан бастап жүзеге асуда. Жобаның сенімді агенті – «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Кәзіргі кезде 11 млрд теңгеден астам қаржыға 1300-ден аса жоба қаржыландырылған.
Жоба аясында ауыл шаруашылығы ғана емес, өндіріс пен қызмет көрсету салаларындағы жобалар да қолдау табады. Әсіресе кооперацияны дамытуға басымдық берілуде. 2024 жылы 635 млн теңгеге 23 кооперативтік жоба іске асты.
Бағдарламаның артықшылығы – төмен пайыздық мөлшерлеме (2,5%), 5–7 жыл мерзім, 12 айға дейінгі жеңілдік кезең. Жеке кәсіпкерлерге – 9,8 млн теңгеге дейін, кооперативтерге – 31,4 млн теңгеге дейін несие беріледі.
Зурдиновтар отбасының тарихы – мемлекеттің қолдауы мен еңбекке деген сүйіспеншіліктің нақты нәтижесі. Бұл тек табыс көзі ғана емес, ауылда тұрақты өмір сүруге және өзгелерге шабыт беруге мүмкіндік.