Баспасөз орталығы

03.04.2024

«Ауыл Аманаты»: «Қонаев» ӘКК жалпы сомасы 11,4 млрд теңгеге 1503 өтінім қабылдады

«Қонаев» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Алматы облысындағы «Ауыл Аманаты» мемлекеттік микронесиелеу бағдарламасын іске асыру жөніндегі сенім білдірілген агент болып табылады. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының әл-ауқатының деңгейін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін ашуға бағытталған. 

«Ауыл Аманаты» құрамында кемінде 3 қатысушысы бар жеке кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне бағдарланған. Бағдарлама шарттары бойынша-шағын қарыздар қызметтер, тауарлар өндіру және қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыруға жылдық 2,5 пайызбен, 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Мал шаруашылығы саласындағы жобаларға несие 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлер айналым қаражатын толықтыруға арналған несиені, қарыз мерзімін 3 жылға дейін пайдалана алады. Сондай-ақ, негізгі қарызды өтеуге 12 айға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған. ЖК үшін қарыздың ең жоғары сомасы 2500 АЕК-ке дейін (9,2 млн теңгеге дейін), кооперативтер үшін 8000 АЕК-ке дейін (29,5 млн теңгеге дейін) құрайды. 

«Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2023 жылдың мамырынан 2024 жылдың наурызына дейін «Қонаев» ӘКК жалпы сомасы 11,4 млрд теңгеге 1503 өтінім қабылдады. Осы сомадан 50 ауылдық кооперативтен 1,2 млрд теңгеден астам өтінім түсті. «Қонаев» ӘКК-нің уәкілетті органы жалпы сомасы 8,6 млрд теңгеге 1174 өтінімді мақұлдады. Осы бағдарламаны іске асырудың арқасында Алматы облысының 827 кәсіпкері жалпы сомасы 6,1 млрд теңгеге өз жобаларын іске асыруда. Еңбекшіқазақ ауданы «Ауыл Аманаты» бағдарламасындағы кәсіпкерлердің белсенділігі бойынша көшбасшылардың бірі. Қарыз алушылар арасында Дархан Мәлібеков – «Ержігіт» ЖК. Ават ауылының тұрғыны қарыз қаражатына арнайы техника-манипулятор сатып алып, қазір нарықта табысты қызмет көрсетуде. Осы ауданның тағы бір өкілі, Ақбастау ауылының тұрғыны Бақыт Катубаев – «Катубаев» ЖК ауыл тұрғындарын мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 28 бас ІҚМ мен оларға жем-шөп сатып алды. 

«Ауыл Аманаты» - ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасына енгізілген бірегей жоба. Онда ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттырудың нақты және түсінікті тетіктері қарастырылған. Осы мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға Алматы облысында 2024 жылы 17,6 млрд теңге бөлінді.