2023 жылдың мамыр айынан бастап жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлігіне серпін беріп отыр. Бүгінде әр есептік көрсеткіштің артында нақты адамдар мен олардың табысты жобалары тұр. Солардың бірі – Талғар ауданы, Қайнар ауылдық округіне қарасты Жаңалық ауылының тұрғыны Меирғали Аднанов.
Заңгер мамандығын игерген ол 1977 жылы осы ауылға көшіп келіп, отбасымен бірге орнығып қалған. Саудада, қызмет көрсету саласында еңбек етіп, алғашқы дүкенін 1998 жылы ашқан. Кейінірек дәмхана, дәріхана, техникалық қызмет көрсету орталығы секілді бірнеше нысанды іске қосқан.
Нағыз серпіліс «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы келген. Жылдық 2,5% жеңілдетілген несие жайында естіген соң, Меирғали жұбайымен бірге «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгініп, қажетті құжаттарды тапсырып, 9,2 миллион теңге көлемінде несие алды.
Бұл қаражатқа олар құрылғылар сатып алып, шағын кірпіш зауытын іске қосты. Бүгінде кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді, айына 60 мыңға дейін кірпіш өндіреді, алты адам жұмыспен қамтылған. Өнімге сұраныс бар – жақын маңдағы өндіріс орындары оны тұрақты түрде сатып алады.
Меирғали Аднановтың оқиғасы – жүздеген сәтті жобалардың бірі ғана. Алматы облысында бүгінге дейін 1100-ден астам жоба іске асты. Бағдарлама аясында қаржы бөлініп, ауыл экономикасы жаңа тыныс алды.
Талғар ауданында да ондаған бастама жүзеге асты. Соның бірі – Талдұбұлақ ауылындағы көпбалалы ана Айман Исаеваның «Ханшайым» мейрамханасы. 9,2 миллион теңге несие алып, асүй құралдарын, жиһаз сатып алып, мейрамхананы іске қосты. Қазір үш адамды жұмыспен қамтып отыр, ал болашақта 350 адамға дейін қабылдай алатын екі қабатты тойхана салуды жоспарлап отыр.
«Қонаев» ӘКК үшін басты мақсат – идеясы бар, еңбек етемін деген азаматтарға нақты қолдау көрсету. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – осыған дәлел. Ол ауылдағы кәсіпкерлікті нығайтып қана қоймай, ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер сыйлайды.